Қазақстанда төрт мыңнан астам жас сарбаз ант қабылдады
Салтанатты шара 19 әскери бөлімде ұйымдастырылды
Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарында мерзімді әскери қызметін өтеп жатқан жас сарбаздар салтанатты түрде әскери ант қабылдады. Айтулы күні жас Отан қорғаушыларды қолдау үшін басшылық өкілдері, ардагерлер мен сарбаздардың ата-аналары арнайы келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Салтанатты шаралар «Оңтүстік», «Шығыс» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарының 19 әскери бөлімінде ұйымдастырылды. Шаралар Тараз, Гвардейск, Жаркент, Абай, Ақтау, Атырау, Бейнеу және Ақтөбе гарнизондарында қатар өтті.
Жас сарбаздар осы уақытқа дейін «жас жауынгер» курсынан өтіп үлгерген. Олар армияның күн тәртібіне бейімделіп, жалпыәскери жарғыларды оқып-үйренді. Сонымен қатар, әскери қызметшілер қару-жарақты қолдану негіздерін меңгеріп, жауынгерлік дайындықтың алғашқы дағдыларын игерді.
Елордада мерзімді қызметтегі жауынгерлердің ант беру рәсімі «Отан Ана» монументінің алдында өтті. Мұнда 68665 әскери бөлімінің 137 сарбазы Отанға адал болуға серт берді. Рәсім алдында қонақтар мен әскери қызметшілер Отан үшін жан қиған батырлардың рухына тағзым етіп, мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.
Жиында арнайы операциялар күштері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Саят Бұрбасов жауынгерлерді құттықтады.
«Әскери ант — бұл өз халқыңа деген адалдықтың және ел тәуелсіздігін қорғауға дайындықтың символы. Осы күннен бастап сіздер намысқа, тәртіпке және өзара қолдауға негізделген үлкен жауынгерлік бауырластықтың бір бөлшегіне айналасыздар», — деп атап өтті полковник.
Салтанатты шара барысында сарбаздардың туыстары мен қала қонақтарына арналған арнайы көрсетілімдер ұйымдастырылды. Құтқарушылар мен әскерилер қолма-қол ұрыс элементтері мен саптық дайындық деңгейін көрсетіп, жұртшылықты тәнті етті. Шараның ең жарқын сәті дрондар шоуы болды.