FlyArystan ұшағы құспен соқтығысып, рейс кейінге шегерілді

Автор: Дәулет Ботагөз

Жағдайға байланысты әуекомпания ресми түсініктеме берді

Фото: © istockphoto.com

Елорда әуежайында Астана — Шымкент бағыты бойынша ұшуы тиіс FlyArystan әуе компаниясының рейсі ұзақ уақытқа кешіктірілді. Жолаушылар ұшақ қозғалтқышының дәл ұшар алдында жөнделіп жатқанына наразылық білдірген. Әуекомпания бұл жағдайға ұшақтың құстармен соқтығысуы себеп болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәліметтерге сүйенсек, бұл жағдай 23 мамыр күні болған. FS 7309 рейсінің ұшу уақыты бірнеше рет кейінге қалдырылған. Алдымен жоспарлы ұшу уақыты 19:40-тан 20:30-ға ауыстырылса, кейіннен рейстің ұшуы тағы да шегеріліп, 22:30-ға бір-ақ белгіленген.

Жолаушылардың айтуынша, әуежайда 100-ге жуық адам нақты жауап ала алмай, ұзақ күтуге мәжбүр болған. Тұрғындар қозғалтқышы жөндеу көрген дәл осы бортына мінуден бас тартып, шу шығарған. Жұрт басқа ұшақ ұсынуды немесе билет ақшасын қайтаруды талап етті.

Жағдайға байланысты FlyArystan өкілдері ресми түсініктеме берді. Әуе тасымалдаушысы ұшақтың құстармен соқтығысқанын растады.

«Қазіргі уақытта әуе кемесін бұдан былайғы пайдалануға рұқсат беру үшін зақымдану деңгейін бағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жолаушыларға су таратылып, ыстық тамақ беріледі. Жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігі — компания үшін басты басымдық болып қала береді», — деп нақтылады тасымалдаушы компания.