25 мамыр күні ауа райы қандай болады
Еліміздің бірнеше облысында үсік жүруі мүмкін
Синоптиктер 2026 жылғы 25 мамыр, дүйсенбі күнге арналған ауа райының жалпы болжамын жариялады. Еліміздің солтүстік, оңтүстік және оңтүстік-батыс өңірлерінде найзағай ойнап, жаңбыр жауса, шығыс бөліктерде жауын-шашын аралас қар жаууы мүмкін. Қазақстанның қалған аумағында күн ашық болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.
Республиканың солтүстігінде, орталығында және шығысында түнде және таңертең тұман түседі. Солтүстік пен оңтүстік өңірлерде жел күшейіп, оңтүстік облыстарда шаңды дауыл тұрады деп болжануда.
Абай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде түнде 1-2 градус үсік жүреді. Тұрғындар мен ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне сақ болу ұсынылады.
Синоптиктер еліміздің басым бөлігінде құрғақшылыққа байланысты өрт қаупінің артқанын хабарлады. Атап айтқанда, жоғары өрт қаупі Атырау облысы, Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе облысы, Ұлытау облысы, Маңғыстау облысы, Қостанай облысы, Ақмола облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Қарағанды облысы, Қызылорда облысы, Түркістан облысы, Жамбыл облысы, Алматы облысы және Жетісу облысы аумақтарында күтіледі.
Сонымен қатар, төтенше өрт қаупі Қызылорда облысы, Маңғыстау облысы, Атырау облысы, Ақтөбе облысы, Қарағанды облысы, Павлодар облысы, Жетісу облысы, Ұлытау облысы және Абай облысы аумақтарының бірқатар ауданында сақталады.