Ауқымды шараға 4 000-ға жуық адам қатысты
Алматыдағы Астана алаңында бұған дейін болмаған ерекше спорттық шара — Almaty Glow Ride түнгі велошеруі ұйымдастырылды. Мегаполистегі бұқаралық спортты дамыту және «ұйықтамайтын қала» тұжырымдамасын іске асыру аясында өткен ауқымды шараға 4 000-ға жуық адам қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шараның басты ерекшелігі – оның бірыңғай неонды концепциясында болды. Қатысушылардың велосипедтері мен арнайы жабдықтары жарқырап, мегаполистің орталық көшелерін түнде үлкен спорттық шоуға айналдырды.
Велошерудің ашылуы ең кішкентай қатысушыларға сеніп тапсырылды. Атап айтқанда, 3 пен 5 жас аралығындағы бүлдіршіндер алғаш болып жарыс жолына шықты. Сонымен қатар, кішкентай спортшылар үшін арнайы сайыстар ұйымдастырылып, оларға сыйлықтар үлестірілді.
Балалар мәреге жеткеннен кейін мыңдаған ересектерден құралған негізгі шеру жолға шықты. Велошерудің жалпы ұзындығы 6 шақырымды құрады. Қатысушылар Алматының орталық көшелерімен жүріп өтті: Төле би — Назарбаев — Тимирязев — Желтоқсан — Төле би бағыты бойынша қозғалды. Колоннаның алдында музыкалық сүйемелдеуі бар арнайы DJ-автомобиль мен серіктестердің көліктері жүріп отырды.
Алматы қаласы Спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлы бұл шараның маңыздылығына тоқталды:
«Бүгін Алматы шынымен де ұйықтамайтын қалаға айналды. Мұндай іс-шаралар мегаполистің жаңа энергиясын көрсетеді, адамдарды біріктіреді және қаланың заманауи спорттық мәдениетін қалыптастырады», — деді басқарма басшысы.
Велошеру аяқталған соң Астана алаңында мерекелік бағдарлама жалғасты. Қатысушылар арасында 40-тан астам бағалы сыйлық (велокаскалар, спорттық киімдер, қажетті құрал-саймандар) ойнатылды. Кештің басты жүлдесі ретінде су жаңа тасжол велосипеді табысталды.
Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, тұрғындардың бұл форматқа деген қызығушылығы өте жоғары. Сондықтан Almaty Glow Ride шарасын жыл сайын өткізілетін дәстүрлі қалалық шара ретінде дамыту жоспарланып отыр.