Бұл өңірлердің атмосферасында зиянды заттар жиналуы мүмкін
2026 жылғы 24 мамырда Қазақстанның бірнеше ірі шаһарында қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Синоптиктердің болжамы бойынша, атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына байланысты Алматы, Ақтөбе, Жезқазған, Орал қалаларында, сондай-ақ түнде Балқаш, Қарағанды және Теміртауда ауа сапасы нашарлауы мүмкін.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – бұл атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді факторлардың жиынтығы. Мамандардың мәліметінше, бұл қалаларда баяу жел, инверсия және тұман сияқты факторлар бірігіп, жерге жақын қабатта ластаушы заттардың шоғырлануына әкеп соғады. Мұндай жағдай адам денсаулығына тікелей әсер етуі мүмкін.
Ауаның ластануы кезінде мамандар келесі ережелерді сақтауды ұсынады:
1.Тас жолдар мен өндіріс орындарына жақын жерде ұзақ жүрмеген абзал.
2.Өкпе, жүрек-қан тамырлары аурулары бар және аллергияға бейім жандар өзімен бірге қажетті дәрі-дәрмектерін алып жүруі тиіс.
3.Таза ауада спортпен шұғылдануды немесе ауыр физикалық жұмыс істеуді уақытша тоқтата тұрған жөн.