Жезқазғанда кәріз коллекторын тазалау барысында жұмысшы уланып, көз жұмды

Автор: Асыл Арман

Тағы бір жұмысшы ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді

Фото: istockphoto.com

Жезқазғанда кәріз коллекторын тазалау кезінде «Жылу-сумен жабдықтау кәсіпорны» қызметкері қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Etozhez басылымының мәліметінше, қайғылы оқиға 20 мамыр күні Абай мен Чехов көшелерінің қиылысындағы кәріз коллекторын тазалау кезінде болған.

Оқиға салдарынан 18 жылдық жұмыс өтілі бар 43 жастағы слесарь қаза тапты.

Кәсіпорынның 42 жастағы тағы бір жұмысшысы жансақтау бөліміне жатқызылды. Ұлытау облысының Денсаулық сақтау басқармасы таратқан хабарламаға сүйенсек, жұмысшылар кәріз коллекторындағы газдан тыныс алу жолдары уланған. Ал бүгін науқас нефрология бөлімшесіне ауыстырылды. Жағдайы біртіндеп жақсарып келеді, дегенмен орташа ауыр деңгейде.

Оқиғаның себебі мен мән-жайы, сондай-ақ жарақаттың ауырлық дәрежесі анықталып жатыр.