Қайта өңдеу деңгейі небәрі 24-26 пайыз ғана екен
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Самат Нұртаза қалдықтарды басқару саласындағы жүйелі проблемаларға байланысты Үкіметтің назарын аударды. Ол Экология кодексіндегі нормалар толық орындалмай отырғанын айтып, нақты реформалар қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжіліс депутаты премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жолдаған депутаттық сауалында қалдықтарды бөлек жинау жүйесінің әлсіздігін сынға алды.
Ол өз сөзінде бұл мәселенің ұзақ жылдан бері шешілмей келе жатқанын атап өтті.
«Көп жылдар бойы жүйелі түрде шешілмей келе жатқан қалдықтармен жұмыс саласындағы проблемаға байланысты. Бұл мәселе заңнамалық нормалар мен жүргізіліп жатқан саясатқа қарамастан, еліміздің өзекті экологиялық және инфрақұрылымдық проблемаларының бірі болып отыр», – деді депутат.
Самат Нұртаза экология кодексіндегі талаптардың қағаз жүзінде ғана қалып отырғанын да айтты.
«Экология кодексінде қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдастыру, оларды жинау инфрақұрылымын дамыту және қайта өңдеу қажеттігі тікелей бекітілген. Аталған нормалар міндетті сипатқа ие. Бірақ іс жүзінде бұл талаптар жүйелі түрде орындалмай отыр», – деді ол.
Депутаттың айтуынша, ресми статистика жағдайдың күрделілігін көрсетеді.
«Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде жыл сайын шамамен 4,5-5 млн тонна коммуналдық қалдық түзіледі. Ал оларды қайта өңдеу деңгейі небәрі 24-26 пайыз ғана. Бұл дамыған елдердегі 45-50 пайыздық көрсеткіштен айтарлықтай төмен», – деді мәжілісмен.
Ол негізгі мәселе инфрақұрылымның жоқтығында екенін атап өтті.
«Қалыптасқан жағдайдың негізгі себебі – толыққанды бөлек жинау жүйесінің жоқтығы және қабылдау пунктері желісінің жеткіліксіз дамуы. Жергілікті атқарушы органдар бірыңғай тәсілсіз жұмыс істеп отыр», – деді депутат.
Сонымен қатар министрлік тарапынан бірыңғай талаптардың бекітілмегенін сынға алды.
«Экология және табиғи ресурстар министрлігі әлі күнге дейін қалдықтарды бөлек жинау инфрақұрылымына қойылатын бірыңғай міндетті талаптарды қалыптастырған жоқ. Бұл өңірлер арасында жүйесіздікке алып келіп отыр», – деді ол.
Депутат саланың дамуына кедергі болып отырған әкімшілік және инвестициялық факторларды да атады.
«Бизнес үшін реттеуші рәсімдердің күрделілігі мен инфрақұрылымның жетіспеуі қайта өңдеу саласының дамуын тежеп отыр», – деді Самат Русланұлы.
Сондай-ақ ол үкіметке бірқатар нақты ұсыныс жасады.
«Экология кодексінің нормаларының орындалуы бойынша толық ақпарат беруді, инфрақұрылымға міндетті нормативтерді жедел әзірлеуді, МЖӘ тетіктерін кеңейтуді және жергілікті органдардың жауапкершілігін нақты белгілеуді сұраймын», – деді депутат.
Ол өз сауалын түбегейлі реформалар қажеттілігімен түйіндеді.
«Бұл мәселені басым тәртіппен қарап, қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу жүйесін түбегейлі жолға қоюды талап етемін», – деп қорытындылады ол.