Шенген тәртібі өзгереді: Еуроодақ шекарадан өтудің жаңа жүйесін енгізді

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол кезең-кезеңмен жүзеге асырылады

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев қазақстандықтарды Шенген аймағына кірудің жаңа ережелері туралы ескертті. 2026 жылғы 10 сәуірден бастап Еуроодақтың Entry/Exit System (EES) автоматтандырылған жүйесі толық іске қосылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Оның мәліметінше, жаңа жүйе Еуропалық комиссия бастамасымен Шенген аймағына кіретін 29 елде енгізіліп отыр. EES жүйесі үшінші ел азаматтарының сыртқы шекарадан өтуін цифрлық форматта тіркеуге арналған және іс жүзінде паспортқа мөр басу рәсімін алмастырады.

Жаңа тәртіп туристерге, іссапармен келетін азаматтарға, сондай-ақ транзиттік жолаушыларға да қолданылады.

«Шенген аймағындағы елдердің біріне алғаш рет кірген кезде шетел азаматтарының жол жүру құжаттарының деректері, биометриялық мәліметтері, сондай-ақ елге кіру және шығу уақыты міндетті түрде тіркеледі. Бұл ретте 12 жасқа толмаған балалардан саусақ іздері алынбайды», - деді Жетібаев.

Министрлік деректерді сақтау мерзімі жеке мәліметтерді қорғау талаптарын сақтай отырып, үш жылға дейін жалғасатынын атап өтті. Сонымен қатар жүйеде елге кіруге тыйым салу фактілері де тіркеліп отырады.

Ерлан Жетібаев жаңа талаптардың кезең-кезеңімен енгізілетінін атап өтті.

«Бұл жүйе шекаралық бақылау рәсімдерін цифрландыруға және қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған. Алайда алғашқы кезеңде өткізу бекеттерінде жүктеме артып, тексеру уақыты ұзаруы мүмкін. Сондықтан азаматтарға сапарларын алдын ала жоспарлап, әсіресе транзиттік рейстер кезінде қосымша уақыт қарастыруды ұсынамыз», – деді ол.

Сондай-ақ оның айтуынша, биометриялық деректерді ұсыну енді Шенген аймағына кірудің міндетті шарттарының біріне айналады. Ал мобильді қосымша тек рәсімдерді жеңілдетуге арналған қосымша құрал ретінде қолданылады.

«Қосымша арқылы паспорт деректері мен биометриялық фотосуретті алдын ала жүктеуге болады. Бірақ бұл шекаралық бақылаудан толық босатпайды. Жолаушылардың барлығы белгіленген тексеруден өтеді», – деді Ерлан Жетібаев