«Еркімен берсе – алғыс, мәжбүрлесе – проблема»: Аймағамбетов мұғалімге сыйлық беруге қатысты пікір білдірді

Мұғалімдерге сыйлық беруге қатысты шектеулер бар

«Еркімен берсе – алғыс, мәжбүрлесе – проблема»: Аймағамбетов мұғалімге сыйлық беруге қатысты пікір білдірді
Фото: istockphoto.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов мұғалімдерге сыйлық беру мәселесіне қатысты пікір білдіріп, қоғам бұл тақырыпты кейде тым артық ушықтырып жіберетінін мәлімдеді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, мұғалімдерге көлік немесе пәтер сияқты ірі сыйлықтар беру кең таралған тәжірибе емес, сондықтан бұл мәселені аса үлкен қоғамдық проблема ретінде қарастырудың негізі жоқ. Депутат мұғалімдерге сыйлық беруге қатысты нақты құқықтық шектеулер бар екенін де атап өтті.

«Мұндай әрекеттер заңмен реттеледі және білім беру саласындағы министрліктің тиісті бұйрықтарымен шектелген. Ата-аналардан немесе оқушылардан сыйлық жинауды міндеттеу заңға қайшы екені де  белгілі. Сонымен бірге мемлекет жеке азаматтардың арасындағы қарым-қатынасқа шамадан тыс араласпауы керек. Кей жағдайларда ата-аналар өз еркімен мұғалімге алғыс ретінде гүл немесе шағын сыйлық беріп жатады, бұл қалыпты мәдени құбылыс ретінде қабылдануы мүмкін», – деді Аймағамбетов.

Депутаттың айтуынша, егер мұғалімге сыйлық беру үшін қандай да бір ата-ананы біреу мәжбүрлеп, ақша жинаса, онда бұл - мәселеге айналады. Ал, егер ата-ана баласының ұстазына өз еркімен және тек алғыс айту ниетімен ғана берсе, бұл - алғыс пен құрметтің белгісі ретінде қарастырылады. Яғни, Аймағамбетовтің айтуынша, ата-аналар чаттарында ақша жинау немесе сыйлық беруге итермелеу сияқты әрекеттер орын алса, бұл әлеуметтік қысымға айналуы мүмкін.

Ол мұндай бастамалардың көп жағдайда мұғалімдерден немесе мектептен емес, ата-аналардың өз ішіндегі келісімнен туындайтынын да айтты. Дегенмен, әр мұғалім бұл жағдайға жеке көзқарасын білдіруге құқылы екенін ескертті.

Жалпы алғанда, депутат мұғалімге құрмет көрсету, алғыс айту, гүл беру сияқты әрекеттер қалыпты екенін, бірақ оны міндеттеу немесе жүйелі талапқа айналдыру дұрыс емес екенін атап өтті.