Қазақстанда вице-президент қандай жағдайда президенттің қызметін атқара алады
Заңда вице-президент институтына қатысты нормалар нақты бекітілген
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Үнзила Шапақ «Қазақстан Республикасының президенті туралы» конституциялық заңда вице-президенттің құқықтық мәртебесі мен қызметі айқындалғанын мәлім етті. Негізгі мақсат – мемлекеттік биліктің үздіксіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Заңға сәйкес, вице-президенттің басты функцияларының бірі – билік транзиті немесе президент өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда уақытша басқаруды қамтамасыз ету. Мұндай жағдайлар денсаулық жағдайына байланысты міндетін атқара алмау, өкілеттіктің тоқтатылуы немесе өзге де себептерге байланысты туындауы мүмкін. Осы кезеңде вице-президент шамамен өтпелі уақыт ішінде президент міндетін уақытша атқаратын тұлға ретінде әрекет етеді», – деді Шапақ Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында.
Сонымен қатар депутат вице-президент мемлекет басшысының атынан өкілдік ету функциясын орындайтынын айтты.
«Ол жеке дербес мемлекеттік органды басқармайды, сондықтан оның қызметі тікелей президенттің өкілеттіктерін қолдауға және жүзеге асыруға бағытталады. Оның нақты өкілеттіктері мен жұмыс тәртібі заңнамалық және өзге де нормативтік актілер арқылы қосымша реттеледі», – деді Үнзила Шапақ.