«Арсенал» араға 22 жыл салып, әрең дегенде Англия чемпионы атанды

Автор: Асыл Арман

«Арсенал» маусымның аяқталуына бір ойын қалғанда чемпион атанды

Фото: Instagram/arsenal

«Арсенал» футбол клубы араға 22 жыл салып, Англия чемпионы атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Арсеналдың» чемпионаттағы басты қарсыласы «Манчестер Сити» «Борнмут» командасымен 1:1 есебімен тең түскеннен кейін «зеңбірекшілер» автоматты түрде чемпион атанды.

«Арсенал» осыған дейін Микель Артетаның бапкерлігімен үш жыл қатарынан ішкі біріншілікті 2-орынмен аяқтаған болатын. Екі мәрте «Манчестер Ситиден» кейін жайғасса, бір рет «Ливерпульға» есе жіберіп қойған.

Команда өз тарихында осымен 14-мәрте чемпион атағын иеленді. Соңғы рет 2003/2004 маусымда АПЛ кестесін 1-орынмен аяқтаған. Ол кезде команданы Арсен Венгер жаттықтырған. Ол маусымда «зеңбірекшілер» 26 матчта жеңіске жетіп, 12-сін тең аяқтап, ешкімге ұтылмай, «алтын» кубокты төбелеріне көтерген.

«Сүйікті командам соңғы рет Премьер-лигада жеңіске жеткелі бері мен үйленіп, балалы болды. Балам қазір жасөспірім шақта, ал мен ажырасып үлгердім», – дейді «Арсеналдың» Мэтт есімді жанкүйері BBC Sport трансляциясында.