Абай облысындағы балабақшадан қызметкерлердің жеке деректері тарап кеткен
Прокуратура мәліметінше, интернетте 75 қызметкердің ЖСН-і мен жеке бас деректері ашық жарияланған
Абай облысында балабақша қызметкерлерінің жеке деректерінің тарап кеткені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Курчатов қаласындағы балабақшалардың бірінде 75 қызметкердің мәліметі ашық қолжетімді болып кеткен.
Тексеру барысында мекеме қызметкерлерді медициналық тексеруден өткізуге арналған конкурс ұйымдастырған кезде интернетке қызметкерлер тізімін жариялағаны белгілі болды. Соның салдарынан анкета деректері, ЖСН және басқа да жеке мәліметтер ашық тарап кеткен.
Прокуратура мұндай ақпараттың құпия санатқа жататынын және оны таратуға болмайтынын еске салды.
«Қолжетімділігі шектеулі ақпаратпен жұмыс істейтін тұлғалар оның құпия сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Сондай-ақ дербес деректерді иесінің келісімінсіз немесе заңды негізсіз таратуға құқығы жоқ», – деп мәлімдеді қадағалау органы.
Ведомствоның мәліметінше, бұл заңбұзушылық педагогтердің жеке деректері заңсыз мақсатта пайдаланылуы мүмкін деген қауіп тудырған.
Прокуратура араласқаннан кейін жарияланған ақпарат өшірілді. Ал жауапты лауазымды тұлға дербес деректер туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған 432 500 теңге көлемінде айыппұл салынған.