«Мұғалім – құл емес»: ақтөбелік ұстаз мектеп басшылығы бірнеше жылдан бері қысым көрсетіп жүргенін мәлімдеді (ВИДЕО)

Ол басшылықпен соттасып жеңіп те шыққан, алайда нәтиже болмаған

«Мұғалім – құл емес»: ақтөбелік ұстаз мектеп басшылығы бірнеше жылдан бері қысым көрсетіп жүргенін мәлімдеді (ВИДЕО)
Фото: видеодан скриншот

Ақтөбедегі Әлкей Марғұлан атындағы №71 орта мектебінде Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін мұғалім Айжан Әділова әлеуметтік желіге видеоүндеу жариялап, бірнеше жылдан бері басшылық тарапынан психологиялық қысым мен әділетсіздікке тап болып келе жатқанын мәлімдеді, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Мұғалім – құл емес. Мен түрлі білім саласына қарасты мекемелерге, құзырлы органдарға бірнеше мәрте жүгіндім. Сотқа дейін барып, өз құқығымды қорғап, жеңіп шықтым. 2025 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа өз арызымды жолдап, тексеру барысында көп заңсыз әрекет пен қысым көрсету фактілері дәлелденді. Сонымен қатар, ұстаздардан ақша жинау, жұмыс орнында психологиялық тұрақсыз орта қалыптастыру, өзіне жүктелген сабақтарды бермеу және үкіметтен айлық есебінде ақша алып отырғаны, оны кері қайтармауы сынды мәселелер де тексеріс барысында расталды. Алайда тексерістен кейін де маған жасалатын қысым тоқтамады. Бұл жағдайға көз жұма қарайтын адамдар әлі де бар. Олардың қатарынды бірнеше лауазымды тұлғалар, тіптен депутат та бой көрсетеді», - дейді Айжан Әділова.

Ол шыдамының шегі әкесін де қоса қорлауына келгенде таусылған.

«Бірнеше жыл «кешіре ғой, қайталанбайды» деген басшы мен өзге тұлғалардың сөзіне бас шұлғып, бітіммен шешуге тырыстым. Басшы тарапынан жасалған арандату, психологиялық қысым, беделіме нұқсан келтіретін әрекеттер, жаппай моббинг жасау ұзақ уақыт бойы жалғасып келеді. Басшы менің жанайқайым мен қарсылығым, қорланған тұстағы ішкі ашуымды ескертусіз аудиоға жазып, кейін арандатушылық мақсатта қолданды. Бұған дейін де 15 ата-ананың алдында абыройымды төгіп, түнгі сағат 22:00 шамасында аяққа тұра алмас ауыр хәлде өз кабинетінде қалдырып, келемеждеп кете барды. Ата-аналарым кешкі 23:00 шамасында көлікке отырғызып жіберді. Сонда мұғалімнің өміріне кім жауапкершілік алады? Оқу ісі жөніндегі орынбасар тарапынан ұжым арасында мені «бұзылған», «араласпаңдар» деген сипатта кемсіту және оқшаулауға бағытталған пікірлер таратылып, бұл әрекеттер еңбек ұжымында психологиялық қысым мен буллинг ахуалын қалыптастырды», - дейді мұғалім.

Ұстаздың айтуынша, әдеп кеңесі қарау барысында ешқайда жарияланбаған, тек өзін қорғау мақсатында жасалған ескерту сипатындағы жазбаларды «әдепсіздік» ретінде бағалап, соның негізінде сөгіс тәртіптік жазасы қолданылған.

«Алайда басшылық тарапынан алдын ала ескертусіз, жасырын түрде жасалған аудиожазба заңдылығы тексерілместен дәлел ретінде қабылданды. Бұл жағдай дәлелдемелерді бағалаудағы біржақты және тең құқық қағидатының сақталмағанын көрсетеді. Сонымен қатар оқу орынбасарының тарапын қолдамағаны және жоғарыдағы заңсыз әрекеттерге қарсы пікір білдіргені үшін жас маманға да тәртіптік жаза қолданылған. Бұл ұжым қызметкерлеріне қысым көрсету және өзгеше пікір айтушыларды жазалау белгісі ретінде көрінеді. Іс материалдарында құжаттардың бұрмалануы, кейбір мән-жайлардың жасырылуы, сондай-ақ белгілі бір тұлғаларды қорғауға бағытталған әрекеттер әділ әрі объективті шешім қабылдауға кедергі келтіріп отыр деп есептеймін. Мен жалғыз емеспін. Өзге де мұғалімдерге қысым жасалды, жасалып та келеді. Мен өз ар-намысымды, педагог ретіндегі беделімді және заңды құқығымды қорғауды жалғастырамын. Тоқтамаймын. Ұстазға құрмет - қоғамға құрмет», - деді ол.

Редакция Айжан Әділованың бұл бейнеүндеуіне қатысты жергілікті білім басқармасы мен оқу-ағарту министрлігінен тиісті комментарий сұратты.