Орталық қалалық клиникалық ауруханада жасалған 4 сағаттық күрделі ота сәтті өтті
Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлері шетелдік қонаққа күрделі ота жасап, ажалдан аман алып қалды. Италиядан келген саяхатшы қазақстандық медицина мамандарына шексіз алғысын білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Пациенттің айтуынша, ол бұрыннан Қазақстанға келуді, елдің мәдениетімен, тарихымен және тұрғындарымен жақын танысуды армандаған. Дегенмен, Алматыға келгеннен кейін үш күннен соң ер адамның денсаулығы күрт нашарлап, іші қатты ауырған. Жедел жәрдем көлігі оны бірден ауруханаға жеткізген.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, алматылық дәрігерлер науқасты бірден компьютерлік томографиядан өткізген. Тексеріс барысында өте қауіпті патология — аортаның инфраренальды бөлігіндегі аневризманың жарылуы анықталған. Мұндай жағдайда ішкі қан кетудің зардабынан адам өміріне секунд сайын қауіп төнеді, сондықтан шұғыл хирургиялық көмек қажет болды.
Науқасты профессор Серік Тұрсынбаев пен хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рахман Сапарбаев шұғыл тексеріп, ота үстеліне жатқызу туралы шешім қабылдады.
«Ота шамамен 4 сағатқа созылды. Операция кезінде дәрігерлер аневризманың жарылғанын растап, зақымдалған аортаның орнына жасанды тамыр протезін орнатты. Мұндай оталар тамыр хирургиясындағы ең күрделі манипуляциялардың бірі саналып, дәрігерлерден жоғары дәлдік пен жылдамдықты талап етеді», — деп түсіндірді министрлік өкілдері.
Қазіргі уақытта италиялық азаматтың жағдайы тұрақты, ол ауруханадан шығып, алдағы уақытта амбулаторлық емделуге дайындалып жатыр. Өлім аузынан қалған турист қазақстандық ақ халаттылардың кәсібилігіне тәнті болғанын жеткізді.
«Менің өмірімді сақтап қалған дәрігерлерге және бүкіл Қазақстан бойынша күн сайын жүздеген адамды ажалдан арашалап жүрген барлық медицина қызметкеріне шексіз алғысымды айтамын. Кәсібиліктеріңіз, дер кезінде көрсеткен көмектеріңіз бен адамгершіліктеріңіз үшін мың алғыс», — деді Италия азаматы.