15 мамырда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшылары кеңесінің бейресми саммиті өтеді
Түркістанда 14-15 мамыр күндері мектеп оқушылары мен студенттер қашықтан оқыту форматына ауыстырылады. Бұл шешім Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының бейресми саммитінің өтуіне және қауіпсіздік шараларының күшейтілуіне байланысты қабылданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy өңірлік білім басқармасына сілтеме жасап.
Онлайн оқытуға қаланың сегіз колледжі, сондай-ақ Түркістан қаласындағы барлық мектеп – 38 мемлекеттік және 44 жекеменшік білім беру ұйымы уақытша көшірілді.
Өзгерістер Жаңа қала және Отырар шағынаудандарында орналасқан мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелеріне де қатысты. Басқарма барлық білім беру ұйымына тиісті тапсырмалар берілгенін және оқу үдерісі бекітілген кесте бойынша жалғасып жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, 15 мамырда Қазақстанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшылары кеңесінің бейресми саммиті өтеді. Іс-шараға ұйымға мүше мемлекеттер мен бақылаушы елдердің өкілдері, сондай-ақ ұйымның бас хатшысы қатысады.