Оқиға Шалқар ауданында болды
Ақтөбе облысында әйел адам күйеуін сотқа беріп, соққыға жығылғаннан кейін моральдық өтемақы төлеуді талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақтөбе облысы соттарының мәліметінше, Шалқар аудандық сотында әйел адамның күйеуіне қарсы моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық іс қаралған.
Іс материалдарына сәйкес, жауапкер отбасылық-тұрмыстық жанжал кезінде жұбайын соққыға жығып, денсаулығына жеңіл зиян келтірген.
Бұл дерек сот-медициналық сараптама қорытындысымен, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша заңды күшіне енген сот қаулысымен расталған.
Сот келтірілген зиян әйелге тек физикалық қана емес, моральдық зардап та әкелгенін анықтады. Бұл қолданыстағы заңнамаға сәйкес моральдық өтемақы өндіруге негіз болған.
Құқық бұзушылықтың сипатын, келтірілген зардап деңгейін, сондай-ақ әділдік пен парасаттылық қағидаттарын ескере отырып, сот талап арызды ішінара қанағаттандыру және сот шығындарын өтеу туралы шешім шығарды.
Сот шешіміне шағым түсірілмеген және ол заңды күшіне енді.