«Балам жағын сындырып алып, ауруханаға түсті»: Бақытжан Байжановтың әйелі соттан күйеуінің жазасын жеңілдетуді сұрады

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол марқұмның туыстарынан бірнеше рет кешірім сұрағанын да айтты 

Фото: видеодан скриншот

Астана қаласындағы кассациялық сотта Бақытжан Байжановтың ісіне қатысты апелляциялық шағым қаралып жатыр. Салтанат Нүкенованың қазасына қатысты іс бойынша сотталған Байжановтың адвокаттары жазаны жеңілдету сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Бақытжан Байжановтың жұбайы Айнұр Байжанова сотта тек қорғаушы ретінде ғана емес, Бақытжанды ең жақсы білетін адам ретінде де сөйлеп тұрғанын айтты. 

«Менің жұбайым ешқашан өз әрекеттерін жоққа шығарған емес, ол тергеудің алғашқы күнінен бастап-ақ әр қадамын адал әрі жүйелі түрде айтып берді. Ол қылмысты жасыруға тырысқан жоқ. Оны ең алдымен дұрыс тану керек деп есептеймін. Менің жолдасым жабық есіктің артында не болып жатқанын білмеді. Марқұмның отбасына деген көзқарас туралы да айтқым келеді. Біз бірнеше рет кешірім сұрадық, Бақытжанның өзі сотта жеке өзі де кешірім білдірді. 2024 жылдың қаңтар айында Бақытжанның ата-анасы Павлодарға барып, Салтанаттың туыстарымен кездесуге тырысқан еді, бірақ ол кездесу жүзеге аспады, себебі жәбірленуші тарап Астанада ауруханада болған», - дейді Айнұр Байжанова.

Бірақ кейін Байжановтың ата-анасы Салтанат Нүкенованың туыстарымен кездесіп, кешірім сұраған. 

«Сондықтан бізді «құрмет көрсетпеді» немесе «бейжай қарады» деу әділетсіздік деп санаймын. Біз ақталу үшін емес, шынайы түрде кешірім сұрауға тырыстық. Сонымен қатар, жазаға қатысты тоқталғым келеді. Менің жұбайыма 4 жыл ең жоғарғы жаза тағайындалды, ал тәжірибеде бұл бап бойынша көбіне 2 жылдан аспайтын немесе шартты жаза қолданатын жағдайлар кездеседі. Осындай қатал үкім қоғамдағы резонанстың нәтижесі сияқты көрінеді. Бірақ қоғамдық пікір құқықтық нормаларды алмастырмауы тиіс», - дейді ол.

Байжанованың пікірінше, оның жолдасы қылмыскер емес, тек жағдайдың құрбаны болды.

«Ол сотқа толықтай көмектесті, ешқашан өзін ақтау үшін өтірік айтқан жоқ. Сондай-ақ, оның қазіргі мекемедегі жағдайына да тоқталғым келеді. Ол тәртіп бұзған жоқ. 2025 жылдың қыркүйегінде кітапты жатын жерде оқығаны үшін берілген бір ғана ескерту формалды сипатта болды және 2026 жылдың наурызында автоматты түрде жойылды. Қазіргі таңда ол тәртіптік жазаға тартылмаған тұлға. Сондықтан бұл ұсақ жағдайды үкімді қарастыруға кедергі ретінде қабылдамауларыңызды сұраймын. Құрметті сот алқасы, менің отбасымның жағдайы да өте ауыр. Күйеуім қамауда болғандықтан, балаларды жалғыз өзім бағып-қағып отырмын. Кеше ғана ортаншы баламмен ауруханадан шықтым, оның жақ сүйегі сынған. Ол турникеттен құлап жарақат алды және қазір тұрақты күтім мен емдеуді қажет етеді», - дейді ол.

Байжанова атағандай, қаржылық және физикалық ауыртпалық толықтай оның мойнында.

«Бұл жағдайда жазаны тек күйеуім ғана емес, біздің балаларымыз да бірге көтеріп отыр. Балалар әкесіз өсіп жатыр, бұл олардың өміріндегі ең қиын кезең. Сондықтан сіздерден рақымшылық жасап, кәмелетке толмаған балалардың бар екенін ескеріп, жазаны жеңілдетуді сұраймын. Сіздердің шешімдеріңіз балаларымның өмірі мен болашағына тікелей әсер етеді», - деп айтты Айнұр Байжанова.