«27 жастан асқандарды әскерге шақырып жатыр»: Қорғаныс министрлігі пікір білдірді
Ведомство бұл мәліметке қатысты түсініктеме берді
ҚР Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желіде тараған «әскерде болмаған 27 жастан асқан қазақстандықтар әскери жиындарға шақырылады» деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, «әскерде болмаған 27 жастан асқан барлық қазақстандық әскери қайта даярлауға жіберіледі» деген ақпарат контекстен жұлынып алынып, дұрыс түсіндірілмеген.
«Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі, полковник Ғани Артықовтың айтқаны Қазақстан Республикасының “Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы” заңындағы запастағы әскери міндетті азаматтарды әскери жиындарға шақыру тәртібін реттейтін қолданыстағы нормаларға қатысты болды. Заңның 33-бабына сәйкес, әскери жиындарға запаста тұрған әскери міндеттілер шақырылады. Мұндай жиындар жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын сақтау мақсатында жыл сайын жоспарлы түрде өткізіледі», – деп түсіндірді Қорғаныс министрлігі.
Ведомствоның нақтылауынша, 27 жасқа толып, мерзімді әскери қызмет өтпеген азаматтар заң бойынша автоматты түрде әскери қайта даярлауға жіберілмейді.
Сонымен қатар азаматтар Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектептерінде ақылы негізде ерікті түрде даярлықтан өте алады. Оқу мерзімі – 40 күн. Оқу аяқталғаннан кейін әскери-есептік мамандық беріледі.
Министрліктің баспасөз қызметі қазақстандықтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және жалған мәлімет таратпауға шақырды.