Заң жобасы шамамен екі жыл бұрын дайындала бастаған
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин «Радиоактивті қалдықтарды реттеу туралы заң жобасын» қабылдауда Қазақстан он жылға кешіккенін айтты. Алайда осы заңды қабылдау кезінде үкімет тарапынан кедергілер болғанын да жасырмады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Радиоактивті қалдықтар туралы заң неге кешікті
«Бұл маңызды әрі жүйелі құжат, ол қазір қаралып жатыр. Иә, кеш қалып жатқанымызды да мойындау керек. Бұл заң шамамен он жыл бұрын қабылдануы тиіс еді. Себебі Қазақстанда уран өндірісіне, ядролық сынақтарға байланысты жиналған көп радиоактивті қалдықтар бар. Сол кездің өзінде-ақ бұл мәселені реттеп, жүйелеп іске асыру қажет болатын. Бірақ «ештен кеш жақсы» дегендей, бұл заң бүгін қаралып, қабылдануға жақын. Заң жобасы шамамен екі жыл бұрын дайындала бастаған. Бұған дейін жоспар болған, кейін депутаттар оны қайта қарап, өзіміз де белсенді түрде қатысып, құжатты әрі қарай ілгерілеттік. Қазіргі таңда бұл жұмысқа Энергетика министрлігі және атом саласына жауапты агенттік те атсалысып отыр», - деді Еділ Жаңбыршин.
Депутат атағандай, заңды қабылдау кезінде де кедергілер болған.
«Кейбір үкімет мүшелері «Бұл заңның қажеті бар ма, экологиялық кодекс бар емес пе?» деген пікірлер де айтты. Бірақ біз халықаралық ұйымдардың, соның ішінде МАГАТЭ ұсынымдарын негізге ала отырып, заңның өзектілігін дәлелдеп, оны алға жылжыттық. Өйткені бізге жүйе керек, бізге бақылау керек, бізге нақты есеп керек және тұрақты құқықтық негіз қажет», - деді депутат.
Енді осы заңның негізінде радиоактивті қалдықтарды реттеу үшін ұлттық оператор құрылмақ.
«Ұлттық оператордың қызметі толықтай мемлекет бақылауында болады. Себебі бұл өте спецификалық сала. Мұнымен кез келген жеке немесе заңды тұлға айналыса алмайды. Бұл үшін жоғары біліктілік, тәжірибе, материалдық-техникалық база және ғылыми кадрлар қажет. Сондықтан операторды айқындау кезінде осындай әлеуеті бар ұйымдар қарастырылады. Бұл жұмысты уәкілетті агенттік жүзеге асырады. Агенттік құрамында атом энергетикасы саласын қадағалайтын тиісті комитет бар. Сол құрылым арқылы барлық процесс бақылауда болады. Яғни ұлттық оператор нақты объектілермен жұмыс істегенімен, оның үстінен толық мемлекеттік қадағалау уәкілетті агенттік деңгейінде жүзеге асырылады», - деді Еділ Жаңбыршин
Депутаттың айтуынша, жалпы бір нәрсені ескеру керек: радиоактивті қалдықтар мен ядролық отынды шатастыруға болмайды.
«Бұл - екі бөлек ұғым. Сондықтан біздің заңда тек радиоактивті қалдықтар ғана қарастырылып отыр. Бұл бір мәселе. Екіншіден, шетелден Қазақстанға радиоактивті қалдықтарды әкелу процесі жоқ. Бұл бұрынғы заңда да тыйым салынған, қазіргі дайындалып жатқан заң жобасында да сол норма сақталған. Үшіншіден, өздеріңіз білесіздер, Қазақстанда уран өндірісі, «Қазатомөнеркәсіп» қызметі, медицина саласы, ғылым саласы бар. Сондықтан бұл салаларда жыл сайын радиоактивті қалдықтар түзіледі. Біздің қолымыздағы ақпаратқа сәйкес, агенттіктің мәліметі бойынша қазіргі таңда шамамен 290 миллион тоннаға жуық радиоактивті қалдық бар. Оның басым бөлігі төмен белсенді қалдықтар. Көп бөлігі Семей ядролық сынақ полигоны аумағында орналасқан. Сонымен қатар, бұрынғы кеңестік кезеңнен қалған «факел-хранилищелерге» қатысты да мәселе бар. Олардың ішінде Қошқар-Ата сияқты объектілер бар. Онда шамамен 100 миллион тоннаға жуық токсикалық қалдық, сондай-ақ 50 миллион тоннадан астам радиоактивті қалдық бар деген есептер бар. Қазіргі таңда бұл нысандар мемлекет балансына алынған», - дейді Жаңбыршин.
Депутаттың сөзінше, кейбір рудниктер мен өндірістік алаңдардың иесі нақты анықталмаған жағдайлар да кездеседі. Сондықтан бұл бағыттағы барлық деректерді қадағалау және нақтылау жұмыстарын уәкілетті агенттік жүргізеді. Қажет болған жағдайда олар қосымша түсіндірме береді.
Ал Атом энергиясы агенттігі төрағасының орынбасары Әсет Махамбетов қазіргі уақытта бірінші атом электр станциясын (АЭС) салуға қатысты жобалық құжаттама әзірленіп жатқанын айтты. Бұл ретте салқындату жүйесінің әртүрлі әдістері қарастырылып жатыр.
«Атап айтқанда, конденсаторды салқындату үшін «ылғалды градирня» немесе «құрғақ градирня» сияқты технологиялар қолданылуы мүмкін. Ылғалды градирняны қолдану тәжірибесіне тоқталсақ, әлемдік практика көрсеткендей, мұндай жүйелерде су шығыны белгілі бір көлемде болады. Мысалы, қуаты 1200 мегаватт болатын екі реакторы бар станция үшін жылдық су шығыны шамамен 60 миллион текше метрге дейін жетуі мүмкін. Бұл - технологиялық ерекшеліктерге байланысты табиғи шығын», - деді ол.
Махамбетов атағандай, маңызды бір жайтты атап өткен жөн су реактордың белсенді аймағымен тікелей жанаспайды. Барлық жүйе жабық цикл принципімен жұмыс істейді.
«Бірінші контур жылуды реактордың белсенді аймағынан бу генераторларына тасымалдайды. Екінші контурда сол бу генераторлары арқылы су қыздырылып, буға айналады да турбинаға беріледі. Электр энергиясын өндіру процесінде тиімділікті арттыру үшін конденсатор қолданылады. Дәл осы конденсаторды салқындату үшін сырттан су алынады.Ең маңыздысы бұл су бірінші контурмен ешқашан араласпайды, яғни реактордың радиоактивті аймағымен байланысқа түспейді. Сондықтан бұл су радиоактивті ластануға ұшырамайды», - дейді ол.
Еске салсақ, Мәжіліс бірінші оқылымда радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу мәселелері бойынша заң жобасын мақұлдады. Құжаттар Қазақстан заңнамасын «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» заң жобасының нормаларына сәйкестендіруге және осы саладағы мемлекеттік реттеу тетіктерін күшейтуге бағытталған. Мұнда негізгі ұғымдар, объектілер мен субъектілер айқындалады.
Заң жобасында радиоактивті қалдықтарды басқарудың құқықтық негіздері, мемлекеттік бақылау мен лицензиялау тәртібі, сондай-ақ радиоактивті қалдықтарды есепке алу және көму мәселелері айқындалып отыр.
Заң жобасында радиоактивті қалдықтарды сыныптау белгіленеді. Олардың шығу көзі, агрегаттық жай-күйі, белсенділік деңгейі, радионуклидтердің жартылай ыдырау кезеңі оларды сыныптауға негіз болып табылды. Бұған қоса радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы қызметті жүзеге асыру шарттары мен тәртібі регламенттелді.
Сонымен қатар заң жобасында радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі ұлттық оператор институтын құру қарастырылған. Ол радиоактивті қалдықтарды жинау, тасымалдау, қайта өңдеу, көму және ұзақ мерзімді мониторинг жүргізу сияқты негізгі функцияларды атқарады. Халықаралық тәжірибе мұндай операторлардың саланы қауіпсіз әрі орталықтандырылған түрде басқаруға мүмкіндік беретінін көрсетіп отыр.
Сондай-ақ депутаттар негізгі анықтамаларды нақтылауға бағытталған түзетулер енгізді, «радиоактивті қалдықтар» ұғымы оған жабдықтарды, материалдарды, сондай-ақ тау-кен өндірісі қызметінің қалдықтарын қоса отырып кеңейтілді, радиоактивті қалдықтар тізілімін және жұмыс істеу объектілерінің кадастрын жүргізу тәртібі енгізіледі, бастапқы есепке алу міндеті бекітіледі, сондай-ақ радиоактивті қалдықтарды түзушілердің жауапкершілігі нақтыланды.