Бұл жүйе үшін азаматтар ақы төлемейді
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында премьер-министрдің орынбасары - цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиев Қазақстанда мобильді құрылғылардың заңды нарығының өскені және IMEI-верификация жүйесіне өзгерістер енетіні туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, верификация жүйесі өз тиімділігін көрсеткен.
«Бізде заңды импорттың өсуі, ресми сатылымдардың артуы және ресми дилерлер арқылы сатылымның 30–50 пайызға дейін өскені туралы деректер бар. Біздің бағалауымыз бойынша, «көлеңкелі» нарық қысқарып, заңды нарық шамамен 30–60 пайызға өсті», – деді Жаслан Мәдиев Мәжілістің жалпы отырысында.
Ол сондай-ақ азаматтар үшін бұл қызметтің тегін екенін ерекше атап өтті.
«Верификация бұрын қалай болса, солай қала береді, азаматтар ешқандай ақы төлемейді. Бұл жерде ешқандай жеке монополия болған жоқ және жоспарланған да емес»,- деді министр.
Сонымен қатар, мобильді құрылғыларды есепке алу жүйесін реформалау жұмыстары жүріп жатыр.
«Осы кезеңде заңнамада жетілдіруді қажет ететін әлсіз тұстар мен олқылықтар анықталды. Біз реттеуші функцияларды мемлекетке бекітуге қарай бет алып келеміз. Заң жобасында бұл функцияларды мемлекеттік радиожиілік қызметі жүзеге асыратыны көзделген», - деді Жаслан Мәдиев.