«Қанға боялған денесін жасырып қойған»: Қызылордада жатақханадан студенттің мәйіті табылды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Қайғылы оқиға 8 мамырға қараған түні болды

Фото: T.me/«Криминальный Казахстан»

Қызылорда облысында 8 мамырға қараған түні жатақханадан 16 жастағы жасөспірім студенттің мәйіті табылды. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Марқұмның туыстары жасөспірім жоғары курс студенттерінің соққысынан көз жұмды деп есептейді. Отбасының айтуынша, үшінші курс студенттері оны соққыға жығып, кейін болған оқиғаны жасыруға тырысқан. Марқұм студенттің әпкесінің сөзінше, жасөспірімнің денесін қанға боялған күйде дәлізбен сүйреп апарып, кейін бөлмелердің біріне жасырған. Ал әкесі жатақханада жоғары курс студенттері кіші курс студенттерін спортзалға апарып, үнемі қорлық көрсеткенін мәлімдеді.

Оқиғаға қатысты Қызылорда облысының Полиция департаменті агенттік тілшісіне түсініктеме берді.

«Жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторға қамалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу әрекеттері қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылуда. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процесуалдық шешім қабылданатын болады. Қылмыстық істі тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының  ерекше бақылауында», – делінген ПД хабарламасында.

Колледж әкімшілігі жатақханадағы тәртіпке бақылау жасамағаны үшін бірнеше қызметкердің жұмыстан босатылғанын хабарлады. Сонымен қатар оқу орны басшылығы бұл оқиға буллингтен емес, жеке жанжалдан туындағанын мәлімдеді.

Марқұмның отбасы төбелеске қатысқандармен қатар, студенттердің қауіпсіздігіне жауапты қызметкерлерді де жауапқа тартуды талап етіп отыр.