Отандық тұқымды сатып алған кезде субсидия көлемі 10% жоғары болады
Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру өткен жылдың қазан айында басталса, министрлік егін жинау науқанына да дайындықты алдын-ала бастап кеткенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Тұқым саласын қамтамасыз етуде мемлекеттік қолдау маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биылдан бастап тұқым құнын субсидиялаудың жаңа механизмі енгізілді. Атап айтқанда, отандық тұқымды сатып алған кезде субсидия көлемі 10%-ға жоғары болады. Бюджет шығыстарын азайту және мемлекеттік қолдау шараларын қысқарту мақсатында биылдан бастап тұқым сапасын мемлекеттік қаражат есебінен тексеру тоқтатылды.Яғни шаруалар тұқым сапасын өз қаражаты есебінен тексеруі тиіс және бұл мәселе мемлекеттік қаржыландырудың болмауына байланысты тоқтамауы қажет», - деді ол.
Оның айтуынша, элеваторларды жаңғырту бойынша да несиеге өтінім қабылдау басталған.
«Соңғы жылдары шаруалар майлы және бұршақ дақылдарын көбірек еге бастағандықтан, әр өнімді бөлек сақтау қажеттілігі туындады. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен сәуір айынан бастап элеваторларды салу және жаңғырту үшін жеңілдетілген несиеге өтінім қабылдау басталды.Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеу үшін арнайы Жол картасы әзірленді. Қаржыландыру толық берілсе, елдегі астық сақтау орындарының сыйымдылығы тағы 1 млн тоннаға дейін артады деп жоспарланып отыр», - деді Сұлтанов.