Маңғыстауда тарихи орындарға сурет салғандар 8,6 млн теңге айыппұл төлеп, 3 жылға сотталады
Тарихи орындар Қазақстанның ұлттық мұрасы болып саналады және мемлекет қорғауында
Маңғыстау облысында табиғи және тарихи нысандарды бүлдіргендер 8 млн 650 мың теңгеге дейін айыппұл төлейді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Табиғи ескерткіштер, қорықтар, ұлттық парктер мен тарихи нысандар Қазақстанның ұлттық мұрасы болып саналады және мемлекет қорғауында.
Полицияның мәліметінше, жартастарға, ескерткіштерге және мәдени-тарихи әрі табиғи нысандарға жазу жазу, оларды бүлдіру – жай бұзақылық емес, заңмен жазаланатын құқықбұзушылық.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 294-бабына («Вандализм») сәйкес, мұндай әрекет үшін 100-ден 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл (432 500 теңгеден 8 650 000 теңгеге дейін), қоғамдық жұмыстарға тарту, 50 тәулікке дейін қамауға алу, сондай-ақ 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.