Оқиға орнын тінту кезінде жарты тоннаға жуық сұйық мефедрон, 1,5 тонна прекурсор алынды
Түркістан облысының Арыс қаласында мамыр айының басында есірткі зертханасы анықталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қаланың шетінде орналасқан жеке тұрғын үйде ағайынды екі ер адамның синтетикалық есірткіні ірі көлемде заңсыз өндіруді ұйымдастырғаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ІІМ мәліметінше, оқиға орнын тінту кезінде жарты тоннаға жуық сұйық мефедрон, 1,5 тонна прекурсор алынды. Оларға сараптама тағайындалды. Сондай-ақ реактор, колбалар, магниттік араластырғыш, канистрлер, пластикалық науалар және есірткі өндіру белгілері бар өзге де құрал-жабдықтар тәркіленді.
«Күдіктілерге қатысты Қылмыстық кодекстің 297-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, оның санкциясы өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаны көздейді. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. ІІМ ескертеді: есірткі өндіруді жолға қоюға бағытталған кез келген әрекет қатаң түрде тоқтатылады. Аталған бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр», – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.