Алматы соты шешен азаматының экстрадициялық қамау мерзімін ұзартты

Ол Ресейде «есірткі сақтады» деген айыппен сотталған

Алматы соты шешен азаматының экстрадициялық қамау мерзімін ұзартты
Фото: © istockphoto.com

Алматы соты шешен азаматы Мансур Мовлаевты қамауда ұстау мерзімін 2026 жылдың шілдесіне дейін ұзартты. Бұл шешімге белсендінің жақтастары мен қорғаушылары наразылық білдіруде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мовлаевтың серіктестерінің айтуынша, сот отырысы белсендінің өзінсіз және оның қорғаушыларының қатысуынсыз 8 мамыр күні өткен.

Қорғау тарапы бұл шешімнің заңдылығына күмән келтірді. Олардың айтуынша, белсендіні бір жыл бойы қамауда ұстағаннан кейін экстрадициялық қамақты ұзарту тек заңда көрсетілген ерекше жағдайларда ғана мүмкін. Бұған дейін Қазақстанның Жоғарғы соты Мовлаевты Ресейге беру туралы шешімді оның баспана сұрау процедурасы аяқталғанша тоқтатқан болатын. Қорғаушылар қазіргі уақытта оны әрі қарай қамауда ұстауға ешқандай негіз жоқ деп есептейді.

Айта кетейік, Мансур Мовлаев шешен билігін сынауымен танылған. Оның басына түскен жағдай 2020 жылы басталған. Сол жылы Ресейде ол «есірткі сақтады» деген айыппен сотталған, алайда қорғаушылары бұл істі саяси астары бар және күштік құрылымдар тарапынан жасалған қысым деп мәлімдеді. 1,5 жыл түрмеде отырғаннан кейін 2022 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан. Алайда кейін қайта ұсталып, белгісіз жерде соққыға жығылған соң қашып шығуға мүмкіндік алған. Ресейден кеткеннен кейін Қырғызстанға барған, онда «шекараны заңсыз кесіп өтті» деген айыппен 6 айға сотталған. Кейін депортациялау туралы шешім шыққаннан соң Қазақстан аумағында қайта ұсталған.

Қазақстан билігі Мансур Мовлаевқа баспана беруден бас тартқан. Қазіргі уақытта белсендінің тағдыры баспана бойынша берілген өтініштердің соңғы қорытындысына тікелей байланысты болып отыр. Оның жақтастары белсендіні Ресейге беру оның өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін айтты.