Астанада жоғалып кеткен жасөспірім қала сыртынан табылды
Жасөспірім отбасындағы түсініспеушіліктен соң үйінен өз бетінше кетіп қалған
Елордалық полицейлер 9 мамырдан бері хабар-ошарсыз кеткен мектеп оқушысын аман-есен тапты. Жасөспірім отбасындағы түсініспеушіліктен соң үйінен өз бетінше кетіп қалғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана қалалық Полиция департаментіне баланың жоғалғаны туралы арыз ата-анасынан түскен. Олардың айтуынша, жасөспірім қосымша сабаққа кетіп, қайтып оралмаған. Баланы іздеуге 70 полицей, 30 Ұлттық ұлан сарбазы және еріктілер тобы жұмылдырылды.
Тәртіп сақшылары мектептерді, ауруханаларды, аулалар мен кіреберістерді тексеріп, бейнебақылау камералары арқылы баланың жүру бағытын анықтады.
Тергеу барысында баланың қала шетіне қарай бет алғаны белгілі болды. Ол автобуспен соңғы аялдамаға дейін барып, әрі қарай жаяу жүрген. Жасөспірімнің Ақжар ауылындағы мешітте түнегені анықталды. Сондай-ақ жергілікті тұрғындар мен жүргізушілерден жауап алу барысында оның тас жол бойымен кетіп бара жатқаны белгілі болды. Нәтижесінде, полицейлер баланы қала сыртындағы жолдың бойынан тауып алды.
Қазіргі уақытта баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ, ол ата-анасына тапсырылды. Ювеналды полиция қызметкерлері отбасымен профилактикалық әңгіме жүргізді.
«Ата-аналар үшін баламен сенімді қарым-қатынаста болу өте маңызды. Егер балаңыз жоғалса, уақыт жоғалтпай, бірден 102 нөміріне хабарласу қажет», — деп ескертеді департамент өкілдері.