Түркияда жол апатынан 27 жастағы қазақстандық қаза тапты

Автор: Дәулет Ботагөз

Қайғылы жағдай 8 мамыр күні болған

Фото: © istockphoto.com

Антальяның курорттық аймағында автокөлік пен велосипед соқтығысып, соның салдарынан Қазақстан азаматы оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Түркиялық Ihlas Haber Ajansi басылымының хабарлауынша, қайғылы жағдай 8 мамыр күні түнгі сағат үште Антальяның Серик ауданындағы туристік жолда болған. 27 жастағы Құбат Аманбеков велосипедпен келе жатқанда, оны такси көлігі қағып кеткен. Алған жарақаттарының ауырлығынан отандасымыз жедел жәрдем жеткенше жан тапсырған.

Қазіргі уақытта такси жүргізушісі ұсталып, түсініктеме алу үшін полиция бөлімшесіне жеткізілді. Ал марқұмның денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді.

Құбат Аманбеков Қазақстанның тумасы. Ол соңғы жылдары Түркияда тұрып, Белек аймағындағы бес жұлдызды қонақ үйлердің бірінде даяшы болып жұмыс істеген. Қазіргі уақытта марқұмның туыстары мен достары репатриация мәселелерін шешіп жатыр. Қазақстанның Түркиядағы елшілігі бұл жағдайды бақылауға алған.