Маңғыстауда екі мың жылдық тарихы бар сауда орталығы зерттеліп жатыр

Автор: Дәулет Ботагөз

Қарақабақ – біздің заманымыздың I–VI ғасырларына жататын ежелгі сауда-қолөнер орталығы

Фото: облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Түпқараған ауданындағы көне Қарақабақ қалашығы Ұлы Жібек жолының маңызды торабы болғанын дәлелдейтін жаңа деректер табылды. Өңір басшысы Нұрдаулет Қилыбай археологиялық нысанның жұмысымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ғалымдардың бағалауынша, Қарақабақ – біздің заманымыздың I–VI ғасырларына жататын ежелгі сауда-қолөнер орталығы. Археологиялық зерттеулер Маңғыстау аумағы арқылы екі мың жыл бұрын ірі халықаралық сауда бағыттары өткенін растайды.
Қалашық Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағындағы стратегиялық теңіз және құрлық түйіні ретінде маңызды рөл атқарған. Ол Каспий маңы мемлекеттері арасындағы экономикалық және мәдени байланыстарды қамтамасыз етті.

Қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер қаланың даму деңгейі жоғары болғанын көрсетеді. Атап айтқанда, Византия, Персия, Үндістан, Рим және Қытаймен байланысты дәлелдейтін тиындар мен мөрлер оның халықаралық байланыстарының кең болғанын айғақтайды. Сонымен қатар көне порттың іздері, қолөнер шеберханалары мен қыш бұйымдар инфрақұрылымның дамығанын білдіреді. Ал теңіз саудасы мен экономикалық жүйенің қалыптасуы қаланың мәдениеті мен шаруашылығының жоғары деңгейде болғанын көрсетеді.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдаулет Қилыбай бұл деректер бабаларымыз туралы қалыптасқан түсінікті өзгертетінін атап өтті.

«Қарақабақ – Ұлы дала халқының тек көшпелі мал шаруашылығымен ғана емес, дамыған қала мәдениетін қалыптастырып, жаһандық саудаға қатысқанының бұлтартпас дәлелі», — деді өңір басшысы.

Кездесуде өңірдің туристік әлеуетін арттыру бойынша нақты ұсыныстар айтылды. Болашақта Қарақабақ аумағында ғылыми-археологиялық база құру, ашық аспан астындағы мұражай ашу, сондай-ақ заманауи туристік инфрақұрылым мен арнайы экскурсиялық маршруттар дайындау жобалары жүзеге асырылмақ.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс әкімдігі мен Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты тарихи мұраны сақтау және насихаттау бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.