Алматыда жауынға байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті

Қалада қосымша түрде құтқару қызметі мен ТЖД күштері жұмылдырылды

Алматыда жауынға байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті
Almaty Joly видеосынан скриншот

Алматыда нөсер жауынға байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Almaty Joly Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Қалада болуы мүмкін су басу жағдайларының алдын алу және салдарын жою үшін коммуналдық қызметтер мен мердігер ұйымдардың тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылған.

Кезекшілікке 104 арнайы техника, 74 мотопомпа, 12 ассенизатор көлігі, 75 жедел бригада және 425 жол жұмысшысы тартылған. Сондай-ақ 2300 құм салынған қап дайындалды.

Бұдан бөлек, Алматы қаласының Құтқару қызметі мен Төтенше жағдайлар департаментінің күштері қосымша жұмылдырылған.

«Жалпы жұмыстарға 3080 жол жұмысшысы мен 1225 арнайы техника қатысып жатыр», – деп нақтылады компания өкілдері.

Қала тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіздік шараларын сақтап, ауа райы жағдайын ескеру ескертілді.

Синоптиктердің болжамынша, Алматыда жауын-шашын 12 мамыр түске дейін жалғасады. 11 мамырға дауылды ескерту жарияланған. Жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, түнде кей жерлерде қатты жаңбыр күтіледі. Жел екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді.

Іле Алатауы тауларында жаңбыр жауып, кей уақытта қатты нөсер, найзағай, бұршақ және дауыл болуы мүмкін. Солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні кей сәттерде секундына 18–23 метрге дейін күшейеді.