Талдықорғанда көлік темір қоршауды бұзып, шұңқырға түсіп кеткен

Автор: Дәулет Ботагөз

Жол жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жерде жол апаты болды

Фото: © istockphoto.com

Талдықорған қаласында жол жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жерде жол апаты болды. Жеңіл көлік темір қоршауды бұзып өтіп, жылу трассасы үшін қазылған терең шұңқырға құлаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жетісу облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Жансүгіров пен Рүстембеков көшелерінің қиылысында болған. Audi автокөлігінің жүргізушісі жылу трассасын жөндеу кезінде орнатылған темір қоршауды қағып кетіп, артынша қазаншұңқырға ұшып кеткен.
«Талдықорғанжылусервис» кәсіпорнының хабарлауынша, апат 9 мамыр күні таңғы сағат 04:00 шамасында болған. Мамандар нысанның барлық талапқа сай қоршалып, ескерту белгілері қойылғанын айтады.

Алдын ала ақпарат бойынша, көлік тізгінінде болған азамат ескерту белгілерін елемей, жылдамдықты шамадан тыс асырған. Кәсіпорын өкілдерінің мәлімдеуінше, жүргізуші мас болған. Сондай-ақ апаттан кейін ол көлігін тастап, оқиға орнынан қашып кеткен.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жүргізушінің жеке тұлғасын анықтап, іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды.