Атырау облысындағы отбасының өлімі: күдіктінің ісі сотқа жолданады
Сұлтан Сәрсемалиев психикалық тұрғыдан сау деп танылды
Атырау облысында бір әулеттің түбіне жетті деп айыпталған Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталды. Атырау облыстық прокуратурасы бұл ақпаратты растап, іс материалдарының мамыр айында сотқа жолданатынын хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Күдіктіге қатысты бірнеше ауыр бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Атап айтқанда, оған Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 188 және 190-баптары бойынша айып тағылып отыр.
Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша, Сұлтан Сәрсемалиев психикалық тұрғыдан сау деп танылды. Тергеу барысында жәбірленушілердің өлім уақыты да нақтыланды: Наурыз Мұқанғалиев 2025 жылдың мамырында, ал қалған үш адам қараша айында көз жұмған.
Еске сала кетейік, Жангелдин ауылының тұрғындары — ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиева және олардың балалары 2025 жылдың соңында хабар-ошарсыз кеткен. 6 қаңтар күні ерлі-зайыптының мәйіті пышақ жарақаттарымен шаруа қожалығы аумағынан табылды. 9 қаңтарда күдікті ретінде марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев пен оның жарына іздеу жарияланды. Ал 24 ақпанда күдіктілер Ломбок аралында қолға түсіп, наурыз айында Атырауға жеткізілді.
Тергеу барысында күдікті Сәрсемалиев жантүршігерлік қылмысты қалай жасағанын көрсетіп берді. Ол өзі жалдаған үйдің іргетасынан шұңқыр қазып, бұрынғы әйелінің ағасы мен қарындасының мәйіттерін сол жерге көміп тастағанын мойындады. Сот отырысы жақын күндері басталады деп күтілуде.