Ел біріншілігіне Қазақстанның әр өңірінен келген 19 команда қатысты
Талдықорған қаласында 1-9 мамыр аралығында өткен көкпардан ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті. Жамбыл облысының «Әулиеата» командасы тағы да қарсылас шақ келтірмей, алтын тұғырдан көрінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ел біріншілігіне Қазақстанның әр өңірінен келген 19 команда қатысып, ең мықты ұжым атағына бақ сынады. Топтық кезеңнен іріктелген «Әулиеата» командасы жоғары деңгейдегі ойын үлгісін көрсетіп, жартылай финалда Алматы облысының құрамасын 2:1 есебімен тізе бүктірді. Осылайша шешу кезеңге жолдама алып, басты бәсекеде Шымкент қаласының командасымен кездесті.
Шешуші ойында жамбылдық шабандоздар Шымкент командасын 6:0 есебімен ойсырата жеңді. Бұл жеңіс «Әулиеатаның» ел чемпионатындағы ілгері басымдығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Осылайша, Жамбыл облысының «Әулиеата» командасы көкпардан Қазақстан Республикасының 16 дүркін чемпионы атанды.