Қазақстандық жасөспірімдер АҚШ-та өткен дрон-футбол чемпионатында топ жарды

100-ден астам команданың ішінен отандастарымыз екі бағыт бойынша алтын медаль иеленді

Қазақстандық жасөспірімдер АҚШ-та өткен дрон-футбол чемпионатында топ жарды
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Калифорния штатының Палм-Спрингс қаласында өткен FIDA USA Drone Soccer Championship әлемдік чемпионатында қазақстандық жасөспірімдер жеңіске жетті. 17 елден келген 100-ден астам команданың ішінен отандастарымыз екі бағыт бойынша алтын медаль иеленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, ең күрделі саналатын Super Pilot жекелей сынында Астана қаласындағы №8 мектептің 9-сынып оқушысы Арсен Амантай бірінші орынды иеленді.
Екінші орынды да елордалық оқушы, №82 мектептің 8-сынып оқушысы Айсұлтан Хайралла қанжығасына байлады. Қазақстандық пилоттардың шеберлігі халықаралық төрешілерді тәнті етті.

Drone Soccer Class 20 жарысы санатында қазақстандық командалар қарсылас шақ келтірмей, барлық жүлделі орынды иеленді: І орынға Ақтөбеден келген «Kemel Bilim» командасы, ІІ орынға Астанадағы №8 мектеп командасы, ал ІІІ орынға Астанадағы №82 мектеп командасы ие болды.

Айта кетерлігі, дрондар екі есе үлкен болатын Class 40 санатында да біздің құрамалар жарыс қорытындысы бойынша ең үздік нәтижені көрсетті.

Дрон-футбол деген не?

Бұл — жоғары технологиялық командалық спорт түрі. Мұнда қатысушылар арнайы қорғаныс сферасына салынған дрондарды басқарады. Ойын форматы 5-ке 5 жүйесінде өтеді, оның ішінде бір шабуылшы және төрт қорғаушы болады. Негізгі мақсат — дрон арқылы қарсыластың қақпасына ұшып өтіп, «гол» соғу. Бұл ойын пилоттардан жоғары дәлдікті, шектеулі кеңістікте еркін маневр жасай білуді және командалық үйлесімділікті талап етеді.

«Командалар бұл додаға бір жылдан астам уақыт дайындалды. Олар Астанадағы ұлттық іріктеуден өтіп, өз өтінімдерін халықаралық FIDA федерациясында қорғап шықты», — деді Қазақстан дрон-футбол қауымдастығының директоры Әлихан Рыспай.