Франция елшілігі қазақстандық майдангерлердің рухына тағзым етті

Астанада Францияны азат етуге қатысқан қазақстандықтарды еске алу рәсімі өтті

Франция елшілігі қазақстандық майдангерлердің рухына тағзым етті
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Жеңіс күні қарсаңында Астанадағы генерал Шарль де Голль ескерткішінің жанында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Францияны азат етуге қатысқан қазақстандықтарды еске алу рәсімі өтті. Салтанатты шара аясында батырлардың ұрпақтарына арнайы марапаттар табыс етілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Францияның Қазақстандағы елшілігі мен ҚР Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған шараға әскери мекеме өкілдері мен дипломатиялық корпус мүшелері қатысты. Құрмет қарауылының сүйемелдеуімен Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары, генерал-майор Қуанышбек Үштаев пен Франция елшісі Сильвиан Гиоге ескерткішке гүл шоқтарын қойып, майдангерлер рухына тағзым етті.

«Бүгін біз Жеңіс жолында жанын пида еткендердің рухына тағзым етеміз. Бұл соғыс фашизмге қарсы біріккен миллиондаған адамның тағдырына әсер етті», — деді генерал-майор Қуанышбек Үштаев.

Салтанатты рәсімнің ең әсерлі сәті — француз Қарсыласу қозғалысына қатысқан қазақстандықтардың ұрпақтарына награда тапсыру болды. Тулуза қаласы мен оның айналасын азат етуге атсалысқан батырлардың отбасылары шақырылды, олардың қатарында Ахмет Бектаев, Бектемір Байжанов, Нұранбай Баймұратов, Өтеуәлі Бейсенғалиев және Ахмет Сұбалов бар.

Франция елшісі батырлардың ұрпақтарына Франция Қарулы Күштері министрі Катрин Вотреннің атынан алғыс хаттар мен «Азат етілген Франция» медальдарын табыстады.

Ресми мәліметтер бойынша, 300-ден астам қазақстандық Франция жерінде партизандық отрядтар құрамында шайқасқан. Генерал Шарль де Голль кезінде олардың ерлігін жоғары бағалаған болатын. Франция тарапы бұл ерліктің ешқашан ұмытылмайтынын және екі елдің тарихында алтын әріппен жазылатынын атап өтті.