ШҚО-да бухгалтер асқан қулықпен балабақшадан ондаған млн теңге ұрлаған: бірақ ол ұсталып қалды

Автор: Асыл Арман

40 млн теңгеден астам бюджет қаражаты жымқырылғаны анықталды

Фото: istockphoto.com

Үлкен Нарын ауданында Малонарым ауылының балабақша-бөбекжайын тексеру жүргізу барысында балабақша бухгалтерінің 3 жыл бойы өзінің және меңгерушінің шотына артық жалақы сомаларын, сондай-ақ салықтар мен міндетті аударымдарды төлеуге арналған қаражатты аударып келгені әшкере болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұзақ уақыт бойы тәрбие мекемесінің 18 қызметкері үшін жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар төленбеген.

Меңгеруші мен бухгалтердің шоттарына заңсыз аударылған қаражаттың жалпы сомасы 42 млн теңгеден асады.

«Аталған факті бойынша аудандық прокуратура сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастады. Тергеу мүддесіне байланысты, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген прокуратура хабарламасында.