Тараздағы айналмалы шолу дөңгелегінің рұқсат қағазы жоқ болып шықты

Қалада бірнеше жылдан бері заңсыз қызмет көрсетіп келе жатқан 15 аттракцион бар

Тараздағы айналмалы шолу дөңгелегінің рұқсат қағазы жоқ болып шықты
Фото: © istockphoto.com

Тараздағы «Жеңіс» саябағында құны 80 миллион теңге тұратын айналмалы шолу дөңгелегі ешқандай рұқсат қағазынсыз жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәліметтерге сүйенсек, қалада бірнеше жылдан бері заңсыз қызмет көрсетіп келе жатқан 15 аттракцион бар. Бұл келеңсіздіктің тарихы 2019 жылдан бастау алады. Ол кезде коммуналдық қызмет саябақтың жер телімін кәсіпкерге үш жылға жалға берген. Алайда, кейін анықталғандай, мемлекеттік жерді жеке тұлғаға беруге ешкімнің құқығы болмаған.

2021 жылы жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылғанымен, аттракцион иелері өз жұмыстарын тоқтатар емес. Жергілікті билік өкілдері бұл конструкциялардың қаншалықты қауіпсіз екенін білмейміз деп отыр. Тараз қалалық әкімдігінің заң бөлімі жетекшісі Гүлшат Айтбаеваның айтуынша, жағдай бақылаудан шығып кеткен.

«Бірде-бір техникалық төлқұжат, рұқсат құжаты немесе сапа сертификаты жоқ. Біз бұл конструкциялардың қандай техникалық талаптарға сай екенін білмейміз. Қазірдің өзінде 10-ға жуық сот отырысы өтті. Бірақ шешім шықпай жатыр, өйткені өкілдер аттракциондар өздеріне тиесілі емес екенін айтып, жалтармақ болып отыр», — дейді Гүлшат Айтбаева.

Қазіргі уақытта әкімдік мамандары «Жеңіс» саябағындағы заңсыз нысандарды жабу үшін сотқа қайтадан талап арыз түсіруге дайындалып жатыр.