Жол апатының мән-жайы анықталып жатыр
Алматының индустриалды ауданында Mercedes GL жол талғамайтын көлігі мен Howo жүк көлігі соқтығысқан. Апат салдарынан екі адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алдын ала мәлімет бойынша, жол апаты көлік қозғалысы аз қиылыста болған. Mercedes жүргізушісі екінші дәрежелі жолдан шығып, «Жол бер» белгісіне бағынбаған көрінеді.
Howo жүк көлігінің жүргізушісі соққыдан қашпақ болып, көлікті қарсы бетке бұрған. Алайда, толық тиелген ауыр техниканы тоқтату мүмкін болмаған.
Жүк көлігі Mercedes-тің бүйірінен соғып, оны қарсы беттегі жиектасқа дейін бірнеше метрге сүйреп апарған. Апат кезінде қарсы бағытта басқа көліктердің болмауы жойқын апаттың алдын алды.
Қазіргі таңда Mercedes жүргізушісі мен жолаушысы түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды. Жүк көлігінің жүргізушісі айтарлықтай зардап шеккен жоқ. Жеңіл көлікке өте ауыр материалдық зақым келген.
Жол апатының мән-жайы анықталып жатыр.