Жамбыл облысында бес күн бұрын жоғалған шопан табылды

Ол мал жаюға шығып, қайтып оралмаған

Жамбыл облысында бес күн бұрын жоғалған шопан табылды
Фото: ТЖМ

Жамбыл облысында 2 мамырдан бері хабар-ошарсыз кеткен шопан аман-есен табылды. Бес күнге созылған ауқымды іздестіру жұмыстары сәтті аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ер адам 2 мамыр күні Тәтті ауылынан 40 шақырым жердегі құмды өлкеге мал жаюға шығып, қайтып оралмаған.

«Шопан жоғалған жерінен 35 шақырым қашықтықта, көршілес шаруа қожалықтарының бірінің аумағынан табылды. Құтқарушылар ер адаммен бірге адасқан малды да тапты», — деп мәлімдеді ТЖМ баспасөз қызметі.

Бес күнге созылған құтқару операциясының ауқымы өте үлкен болды. Шопанды іздеуге ТЖМ құтқарушылары мен полиция қызметкерлері және орман шаруашылығы мамандары жұмылдырылды.  Сондай-ақ пилотсыз ұшу аппараттары мен «Қазавиақұтқару» АҚ-ның арнайы авиациясы көмекке келген.

Мамандардың айтуынша, табылған азаматтың жағдайы тұрақты, ол медициналық көмекке мұқтаж емес.