Жамбыл облысында кене шаққан ер адам қайтыс болды

Автор: Дәулет Ботагөз

Марқұм жеке шаруашылығымен айналысып, мал баққан

Фото: depositphotos.com

Жамбыл облысы, Шу ауданының тұрғыны кенеден тарайтын Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Эпидемиологтардың мәліметінше, марқұм жеке шаруашылығымен айналысып, мал баққан. Ол кене шаққаннан кейін дәрігерлерге тым кеш қаралған. 

Мамандар өңірде қауіпті инфекция тарататын кенелердің белсенділігі артқанын ескертеді. Инфекцияның негізгі тасымалдаушысы — ауыл шаруашылығы жануарлары, әсіресе қойлар. Мамандардың айтуынша, бір малдың үстінде жүзден астам кене болуы мүмкін. Егер олардың біреуі вирус жұқтырған болса, адам өміріне үлкен қауіп төнеді.

Санитарлық қызметтер облыстың алты ауданы мен Тараз қаласында инфекцияның табиғи ошақтарын анықтады. Мамандар жүргізген зерттеу нәтижелері бойынша, жиналған кененің саны 27 мыңға жуық. Олардың ішінен 2500 сынама зерттеліп, қауіпті вирус 150 сынамадан анықталды.

Қазіргі уақытта өңірдегі 42 елді мекенде залалсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр. Алайда жергілікті шопандар құм ішінде кененің өте көп екенін айтып шағымдануда.

Жамбыл облыстық СЭҚД басшысының орынбасары Нелли Мүлікова бұл дерттің өте қауіпті екенін ескертті.

«Бұл инфекцияға қарсы вакцина жоқ. Сондықтан уақытылы диагноз қою мен емдеу өте маңызды. Көбіне аурудың белгілері тұмауға немесе ЖРВИ-ге ұқсас келеді: дене қызуы көтеріліп, жалпы жағдайы нашарлайды», — деді маман.

Кене шаққаннан кейін инкубациялық кезең 14 күнге дейін созылуы мүмкін. Жыл басынан бері өңірде 300-ге жуық кене шағу оқиғасы тіркелсе, соның ішінде тек бір жағдай өліммен аяқталған.