«Біз тарихи әділдікті қалпына келтіріп отырмыз»: Тоқаев есімі елеусіз қалған соғыс ардагерлері туралы айтты
Мемлекет басшысы осы орайда майдангер Кенжебай Мәденовтің ерлігін ерекше атап өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күніне арналған жиында соғыс ардагерлерінің ерлігіне тоқталып, тарихи әділдік орнағанын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президент өз сөзінде Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ерлік көрсеткен көптеген қазақстандықтың есімі әлі толық бағаланбай келгенін айтты.
«Ұлтына қорған болған ержүрек жауынгерлердің есімін ұрпақ жадында сақтауымыз керек. Бұл – біздің перзенттік парызымыз», - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы осы орайда майдангер Кенжебай Мәденовтің ерлігін ерекше атап өтті.
Президенттің айтуынша, Ұлы Отан соғысының соңында Кенжебай Мәденов взвод командирі ретінде серіктерімен бірге Берлиндегі Ратуша ғимаратына Жеңіс туын тіккен. Бұл сәт нацистік режимнің күйрегенін білдіріп қана қоймай, майдандағы сарбаздардың рухын көтерген тарихи оқиға болды.
Тоқаевтың сөзінше, жауынгердің ерлігі туралы маршал Георгий Жуков пен өзге де қолбасшылар, соғыс тілшілері жазған. Алайда соған қарамастан, оның қаһармандығы осы уақытқа дейін лайықты бағаланған жоқ.
«Мен Ұлы Отан соғысында көрсеткен жанқиярлығы мен батылдығы үшін марқұм Кенжебай Мәденовке «Халық қаһарманы» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Осылайша біз тарихи әділдікті қалпына келтіріп отырмыз», – деді Президент.
Айта кетейік, Қазақстаннан Екінші дүниежүзілік соғысқа 1,2 миллионнан астам адам аттанған. Олардың жүздегені ерлігі үшін жоғары марапаттарға ие болғанымен, көптеген майдангердің есімі тарих көлеңкесінде қалып қойғаны жиі айтылады.