«Бұралқы иттерді қайтарымсыз аулау моделі сақталады»: Мәжіліс Сенат енгізген түзетулермен келісті
Иттің иесі анықталмаса, жауапкершілік те болмайды
Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға Сенат ұсынған жаңа редакциядағы түзетулер қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерболат Сатыбалды баяндамасында Сенат енгізген өзгерістер негізінен нақтылаушы сипатқа ие екенін айтты.
«Атап айтқанда, түзетулер иесіз жануарларды реттеу тәртібін жергілікті өкілді органдардың құзыретіне беру, «иесіз жануарлар» ұғымын нақтылау және жануарларды жансыздандыру туралы шешімді ветеринариялық қорытынды негізінде қабылдау нормаларын қамтиды», – деді ол.
Депутаттың айтуынша, заңның жалпы тұжырымдамасы өзгеріссіз қалады.
«Жалпы алғанда, Мәжіліс қабылдаған заңның тұжырымдамасы өзгермейді. Бұралқы иттерді қайтарымсыз аулау моделі сақталады және ол Сенат тарапынан да қолдау тапты», – деді ол.
Сонымен қатар, баяндамашы жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру және үй жануарларына қатысты қатыгездіктің алдын алу мәселелеріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше назар аударғанын атап өтті.
Президент тапсырмаларын іске асыру аясында жануарларды есепке алу мен чиптеу тетігін нақтылау ұсынылып отыр. Депутаттың айтуынша, бұл меншік құқығын растаудың негізгі құралы болуы тиіс.
«Қарапайым тілмен айтқанда, егер жануар есепке алынбаса, оның иесін анықтау мүмкін емес, ал иесі анықталмаса, жауапкершілік те болмайды», – деді Ерболат Сатыбалды.
Осылайша, Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға Сенат ұсынған жаңа редакциямен келісті. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов аталған заң жобасын екі палата да мақұлдағанын айтты. Ол бұл заң жобасы қоғамда қызу талқыланған заң жобасы екенін айтып өтті.
«Заң қабылданды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселесі де қаралды. Бұл мәселелер бойынша пікірталасты тоқтатқан абзал», – деді Қошанов.