Депутаттар жануарларға қатыгездік танытқандардың жазасын күшейтуді ұсынды
Айыппұл өседі, ал бас бостандығынан айыру мерзімі 5 жылға дейін ұзаруы мүмкін
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин аңшылық пен жануарлар дүниесін сақтау саласында қандай өзгерістер болатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасына сәйкес әзірленіп отыр. Президент жануарларға қатыгездік жасағандарға жауапкершілікті күшейту қажеттігін бірнеше рет атап өткен болатын.
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин қоғамда бұл мәселе бойынша резонанс баршылық екенін айтып, жауапкершілікті арттыруды көздейтін түзетулер енгізілгенін жеткізді. Оның айтуынша, Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске бірқатар өзгерістер ұсынылған.
Атап айтқанда, жануарларды күтіп-бағу және оларға дұрыс қарау талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі. Тиісті баптар бойынша айыппұл мөлшері бірнеше есе ұлғайтылмақ.
Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 316-бабына да өзгерістер енгізу көзделген. Егер жануарға ауыр зақым келсе, қамауда ұстау мерзімі 2 айдан 6 айға дейін ұзаруы мүмкін.
Ал жануарды қатыгездікпен өлтірген жағдайларда бұрын 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылса, енді бұл мерзім 5 жылға дейін ұлғайып, мүлікті тәркілеу немесе тәркілеусіз жаза қолдану ұсынылып отыр.
Депутаттың айтуынша, бұл өзгерістер үкімет тарапынан қолдау тапқан және екінші оқылымға дейін қосымша пысықталады.
«Біздің мақсатымыз – жануарларға қатыгездікпен қарауға қатаң тосқауыл қою. Бұл тек құқықтық емес, қоғамның мәдени деңгейін көрсететін мәселе. Сондықтан әрбір азаматтың жауапкершілігін күшейтуіміз қажет», – деді Еділ Жаңбыршин.
Жалпы, депутаттар бұл нормалар қоғамдағы гуманистік құндылықтарды нығайтуға және жас ұрпаққа үлгі қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.