Астанадағы мектеп оқушылары мамандықтар көрмесінің арқасында ата-анасының жұмысымен танысқан
Қаладағы №58 мектеп-гимназиясында «PROFI DAY» мамандықтар көрмесі өтті
Астанадағы Ілияс Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясында өткен «PROFI DAY» атты мамандықтар көрмесіне бес жүзге жуық оқушы қатысып, әр саладағы маман иелерінің жұмысымен танысқан. Яғни, көрме барысында оқушылар әртүрлі сала өкілдерімен байланысқа түсіп, нақты еңбек процесімен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ілияс Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясының директоры Ақмоншақ Нұртазақызының айтуынша, көрмеге көбіне осы мектептегі оқушылардың ата-аналары келген. Жалпы, көрмеге 10 түрлі бағыт бойынша ақпараттық стенд қойылған.
«PROFI DAY» көрмесінің ерекшелігі – бұл жай ғана кездесу емес, практикалық форматтағы интерактивті көрме. Іс-шара аясында 10 түрлі бағыт бойынша арнайы ақпараттық стендтер құрылды. Әр бұрышта ата-аналар өз мамандығын таныстырып қана қоймай, оқушыларға шағын тапсырмалар орындатып, сол саланың нақты жұмыс процесін көрсетті. Көрмеде ұсынылатын негізгі бағыттар: аспаздық және сервис, құрылыс және сәулет, стоматология, IT және бағдарламалау, медиа және контент жасау, қауіпсіздік қызметі, туризм, автосервис, сұлулық индустриясы, тігін және дизайн, сондай-ақ медициналық көмек бағыттары бойынша өтті, -деді Ақмоншақ Нұртазақызы.
Айта кетерлігі, көрмеге келген мамандардың басым бөлігі мектеп оқушыларының ата-аналары. Яғни, ата-ана баласына қандай кәсіпте жүргенін көрсетіп, отбасылық байланыс пен сенімді арттырған. «PROFI DAY» – бұл оқушыларға «маған не ұнайды?» деген сұраққа жауап табуға көмектесетін, олардың кәсіби өзін-өзі анықтауына бағытталған маңызды алаң болды, деп сенеді ұйымдастырушылар.