«Еуропа Түркияға мұқтаж»: Ердоған ЕО-ның стратегиялық көрегенсіздігін айыптады
Қаңтар-сәуір аралығында экспорт көлемі 88 млрд 630 млн долларды құраған
Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған Еуропалық Одақтың Түркияға қатысты ұстанымында стратегиялық көрегенсіздік әлі де сақталып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Түркия толыққанды мүшесі емес Еуропалық Одақтың жаһандық ойыншыға және тартым орталығына айналуы мүмкін емес екенін түсіну қажет», – деді ол.
Президенттің айтуынша, ЕО Түркияның сындарлы ұстанымының маңызын дұрыс бағалап, оны теріс пайдаланбауы және қауіп төндіретін әрекеттерден аулақ болуы тиіс.
«Бүгінде Еуропа Түркияға Түркияның Еуропаға мұқтаждығынан да көбірек мұқтаж. Ертең бұл қажеттілік одан әрі арта түседі», – деп атап өтті Ердоған.
Экономикалық көрсеткіштерге тоқталған ол сәуір айында экспорттың жылдық есеппен 22,3%-ға өсіп, 25,4 млрд долларға жеткенін айтты. Қаңтар-сәуір аралығында экспорт көлемі 88 млрд 630 млн долларды құраған. Соңғы 12 айда экспорт алғаш рет 275,8 млрд доллардан асып, республика тарихындағы рекордтық көрсеткішке жеткен.
Президенттің сөзінше, экспорт 166 ел мен аймақта өскен және барлық 26 секторда өсім байқалған. Салалар ішінде көш бастап тұрған – автомобиль жасау (3,9 млрд доллар), одан кейін химия өнеркәсібі (3,1 млрд доллар), электроника мен электротехника (1,8 млрд доллар), сондай-ақ дайын киім өндірісі (1 млрд 451 млн доллар). Қорғаныс және авиация саласындағы экспорт 962 млн долларға жетіп, алғашқы төрт айда 28%-ға артқан.
Ердоған Түркияның әлеуеті бұл көрсеткіштерден де жоғары екенін атап өтті.
«Жаңа нарықтарды игеру, экспортты ынталандыру және экспорттаушыларды қолдау арқылы бұдан да жоғары нәтижелерге жетеміз», – деді ол.
Сондай-ақ президент туризм саласындағы рекордтық көрсеткіштерге тоқталды. Оның айтуынша, 2023 жылы Түркияға 64 миллион турист келіп, 65,2 млрд доллар табыс түскен. Ал биылғы бірінші тоқсанда туризм кірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,2%-ға өсіп, 9 млрд 896 млн долларға жеткен. Туристер саны да 4,2%-ға артып, 9 млн 219 мың адамды құраған. Бір туристің бір түнге орташа шығыны 116 доллардан 119 долларға дейін өскен.
Президент Түркияның аймақтағы ең тұрақты әрі қуатты елдердің бірі болып қала беретінін атап өтті.