Түрмедегі азаптау: колонияның 12 қызметкеріне қатысты іс аудандық сотқа жолданды

Автор: Асыл Арман

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Ақмола облысында сот прокурордың колония қызметкерлеріне қатысты істі Атбасар аудандық сотына жолдау туралы өтінішін қанағаттандырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокурор жаңа айыптау актісін ұсынды. Осыған дейін іс мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотта қаралған болса, енді 12 айыпталушыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 362-бабының 1-бөлігі («Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану») бойынша айып тағылып отыр.

Аталған құқық бұзушылық орташа ауырлықтағы қылмыстар санатына жатады. Бұл бап бойынша істер алқабилердің қатысуымен қаралмайды, сондықтан оларды мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотта қарау қажеттілігі жоқ.

Осыған байланысты іс мәні бойынша Атбасар аудандық сотында қаралады. Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.