«8 жыл бұрын бұл елге ешкім келмес еді»: Макрон Пашинянның жұмысына жоғары баға берді
Ол сегіз жыл бұрынғы Армения туралы айтты
Франция президенті Эммануэль Макрон Еуропалық саяси қоғамдастықтың VIII саммиті аясындағы панельдік пікірталаста Армения премьер-министрі Никол Пашинянның қызметін жоғары бағалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Айтпақшы, менің ойымша, соңғы жылдары Никол Пашинянның Армениядағы жұмысы өте әсерлі. Шынын айту керек, сегіз жыл бұрын бұл елге ешкім келмес еді. Ал қазір еліңізге көптеген адамның сапарлап келуі – жақсы белгі», – деді Макрон.
Макронның айтуынша, бұған дейін бірқатар мемлекет Арменияға басқаша көзқараспен қарап келген.
«Сегіз жыл бұрын осы үстел басындағы көп ел бұл мемлекетті Ресейдің шынайы серігі ретінде қарастырды. Никол Пашинян Барқыт революциясын жүргізіп, өз елін Ресейден қорғау туралы шешім қабылдады. Сол үшін ол күн сайын сынға ұшырап келеді және әлі де ұшырап отыр», – деп атап өтті Франция президенті.