Павлодарда мұғалімдердің жеке мәліметтері желіге жарияланып кеткен
Олардың тұрғылықты мекенжайлары мен байланыс телефон нөмірлері жария болған
Павлодар қаласының прокуратурасы білім беру саласы қызметкерлерінің жеке деректерінің жаппай таралу фактісін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өңірлік қадағалау органының мәліметінше, мемлекеттік сатып алулар порталында медициналық тексерулер өткізу туралы хабарландыруларды орналастыру кезінде 28 білім беру ұйымы өз қызметкерлерінің жеке мәліметтерін ашық жариялаған. Атап айтқанда, сауалнама деректері, тұрғылықты мекенжайлары мен байланыс телефон нөмірлері жария болған.
«Айта кету керек, жеке деректердің ашық қолжетімділікте болуы еңбек заңнамасының талаптарын бұзумен қатар, оларды алаяқтық мақсатта пайдалану тәуекелдерін туғызды. Павлодар қаласы прокуратурасының қадағалау актісі негізінде білім беру саласындағы 2 065 қызметкердің жеке деректері ашық көздерден жойылып, кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – делінген хабарламада.
Кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.