«Таза Қазақстан»: Өскеменде мектеп бітіруші түлектер 2,5 мың түп ағаш екті

Акцияның ерекшелігі – әрбір түлек өз ағашын жеке өзі отырғызды

«Таза Қазақстан»: Өскеменде мектеп бітіруші түлектер 2,5 мың түп ағаш екті
Фото: облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Шығыс Қазақстан облысының орталығында республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауқымды экологиялық акция өтті. Биылғы мектеп бітіруші түлектер туған қаласының көгалдануына өз үлестерін қосып, «Өскемен» аллеясына көшеттер екті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ШҚО әкімдігінің хабарлауынша, игі шараға 2 400-ге жуық оқушы қатысты. Акцияның ерекшелігі – әрбір түлек өз ағашын жеке өзі отырғызды. Енді қаланың қақ ортасында әр оқушының өзіндік «жасыл бағдары» бар.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жастармен бірге көшет егіп, бұл бастаманың тәрбиелік мәніне тоқталды.

«Уақыт өте келе бұл аллея түлектердің жиі келетін орнына айналады. Олар өздері еккен ағаштардың қалай өскенін көру үшін осы жерге қайта оралып тұратын болады», — деді өңір басшысы.

Облыс басшылығының айтуынша, мұндай бастамалар облыс орталығын көркейтіп қана қоймай, жастардың бойында туған жерге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті қалыптастырады. 

Бұл экологиялық шара өңірдегі қоршаған ортаны қорғау мәдениетін жаңа деңгейге көтерді.