Көкшетауда мотоцикл жүргізушісінен ірі көлемде есірткі тәркіленді

Ер адамның іс-әрекеті күдік тудырған соң, тексеріс жүргізілген

Көкшетауда мотоцикл жүргізушісінен ірі көлемде есірткі тәркіленді
Фото: © istockphoto.com

Көкшетау полицейлері қала маңындағы елді мекенде ірі көлемде есірткі сақтаған ер адамды құрықтады. Тәртіп сақшылары жүргізушіден 5 келіден астам марихуана тәркіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақмола облысының полицейлері Красный Яр ауылында патрульдік қызмет атқару барысында мотоцикл жүргізушісін тоқтатқан. Ер адамның іс-әрекеті күдік тудырған соң, тексеріс жүргізілді. Мамандардың алдын ала болжамынша, ол есірткіге мас болған болуы мүмкін.

Тексеру кезінде күдікті тыйым салынған заттың бір мөлшерін өз еркімен өткізген. Алайда, оқиға мұнымен аяқталған жоқ.

Тәртіп сақшылары тергеу шараларын ұсталған азаматтың тұрғылықты жерінде жалғастырды. Үйін тінту барысында полицейлер 8 қап және 6 қапшыққа салынған өсімдік тектес затты тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, тәркіленген заттың жалпы салмағы 5 келіден асады. Мамандардың пікірінше, бұл — марихуана.

Қазіргі таңда тәркіленген заттар сараптамаға жіберілді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.