Атырау облысында заңсыз жүрген 30-ға жуық шетел азаматы елден шығарылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Миграциялық заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған

Фото: pixabay.com

Атырау облысының көші-қон қызметі Теңіз вахталық кентінде жүргізген ауқымды тексеріс нәтижесінде заңнаманы бұзған шетелдіктерді анықтады. Заңсыз жүрген 27 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жылыой ауданындағы Теңіз кен орнына қарасты вахталық қалашықта өткізілген жедел-профилактикалық шаралар шетелдіктердің елде болу заңдылығын тексеруге бағытталған. 

«Тексеріс қорытындысы бойынша 27 адам елден депортацияланды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабы 5-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Іс материалдары шешім қабылдау үшін Жылыой аудандық сотына жолданды»,— деп хабарлады мекеме өкілдері.

Тексеріспен қатар, көші-қон қызметкерлері шетелдік жұмысшылар мен оларды қабылдаушы тараптарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мамандар Қазақстан аумағында болу мерзімдеріне қойылатын талаптарды және миграциялық заңнаманы бұзғаны үшін қарастырылған жауапкершілікті егжей-тегжейлі айтып берді.